Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) — бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі.

МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табыстарынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді.

Міндетті әлеуметтік медциналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласында халықтың мүдделерін олар ауырғанда, зақымданғанда, жүкті болу және босанғанда, мүгедек болу және қартайған жағдайда әлеуметтік қорғау нысаны.

Мен жұмыс беруші ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне неліктен қатысуым керек?
Сақтандыру медицинасы сіздің қарамағыңыздағы жұмыскерлердің тапқан табысына қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар. Мәселен, егер сіздің қарамағыңыздағы жұмыскер ауыр сырқатқа шалдықты делік. Қымбат ем-дом жасау қажет болғандықтан, ол ұзақ уақыт сырқатына байланысты демалыс алуға мәжбүр болады. Бағасы шарықтап тұрған медициналық қызмет құнын өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан жұмыс беруші мен еңбек ұжымынан көмек сұрайды. Бұл барлық тараптардың шығынын арттыратыны сөзсіз. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сырқатты емдеу, күту мен оңалтуға кететін шығындарды Медициналық сақтандыру қоры өз мойнына алады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің жарналары бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіндегі бастапқы бөлікті (звеноны) кеңейтуге, ауруханаға түсу фактілерін төмендету мақсатындағы профилактикалық шараларды арттыруға жұмсалады. Нәтижесінде тиімді емханалық-амбулаториялық көмек есебінен жұмыскерлердің жұмыстан қалу уақыты азаяды. Өкінішке орай, қазір нарықтағы жұмыс берушілердің бәрі бірдей жұмысшыларына әлеуметтік пакет, соның ішінде медициналық сақтандыру қызметін ұсына алмайды. Оны тек жоғары білікті мамандарды тартудағы басымдық ретінде пайдаланатын ірі компаниялар саны шектеулі ғана. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін аталған әлеуметтік пакет еңбек нарығына қатысушылардың бәріне қолжетімді болмақ. Бұл өз кезегінде кадр мәселесін шешіп береді. Мысалы, экономикасы дамыған, еңбек өнімділігі жоғары елдер міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне басымдық береді. Себебі, сақтандырудың бұл үлгісі шығындарды қысқартып, өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табысын арттыру арқылы бизнеске экономикалық пайда әкеледі. Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі артықшылығы – жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығынан туындайтын өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретіндігінде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 млн. астам адам жұмысқа уақытша қабілетсіздігіне байланысты еңбекке жарамсыздық парақтарын алады екен. Әр жұмыскердің күн сайын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіретінін (немесе қызметін көрсететінін) ескерсек, жұмыс берушілердің жыл сайынғы шығыны 370 млрд. теңгеге жуықтайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сапалы алғашқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етпек.
МӘМС жүйесіне кешігіп кірген жағдайда қандай берешекті өтеу қажет?
Заңға сәйкес, сақтандырылған азамат мәртебесін алу үшін өткен 12 айдың берешегін өтеу қажет. 3 ай берешегі бар азаматтың МӘМС пакеті аясында медициналық көмек алу құқығы сақталады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар және (немесе) жарналар аударудан жалтарған жағдайда қандай шаралар қолданылады?
Мемлекеттік кірістер (салық комитеті) органдары аударымдар мен жарналардың уақытылы және толық аударылуына бақылау жүргізеді. Егер жеке кәсіпкер аударымдар мен (немесе) жарналар төлеуден жалтарса, онда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 92-1 бабына сәйкес, мынадай тәртіпте әкімшілік жауапкершілік қарастырылған: 1. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында белгiленген мерзiмдерде әлеуметтiк төлемдердi төлемеуi лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Әлеуметтік аударымдарды төлеушінің: 1) Әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлетiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн мемлекеттік кіріс органына ұсынбауы; 2) Әлеуметтiк аударымдарды төлемеу (аудармау), уақытылы және (немесе) толық төлемеуі (аудармау); 3) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдарының өкiмiмен касса бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтатпауы түрiнде жасалған Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы ескерту жасауға әкеп соғады. 3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – төленбеген (аударылмаған), уақытылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.