Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі эпидемиологиялық жағдай, карантиндік шектеулерді қатаңдату және республикада жүргізіліп жатқан COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, соңғы 2 аптада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өсті (11 300-ден 17 633 жағдайға дейін).Жалпы науқастың 56% Алматы қаласында тұрады, қалада ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 350 жағдайға жетті. Елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлады, сары және қызыл аймаққа ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді,Алматы қаласында талап қатаңдатылды.
Наурыз айынан бастап халықты тестілеу тәулігіне 49 мың зерттеуге дейін артты, ал ақпанда тәулігіне 38 мың зерттеуге дейін жүргізілді. Тәуліктік тестілеу қуаты-113 мыңға жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісі енгізілді.
«Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы КВИ анықталған науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді.Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «Британдық», «Оңтүстік Африкалық», «Бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды», — деді А.Цой.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «Британдық штамм» SARS-CoV-2 125 елде, «Оңтүстік Африка» 75 елде, ал «Бразилиялық» 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел және адам дәм мен иіс сезбей қалады.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінде бірінші компонентпен 131 170 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен егу басталды, 32 482 адам егілді, жағымсыз реакция тіркелгенжоқ.
«Өңірлерге КВИ-ге қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізілуде. Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндірушілерден қосымша 2,5 млн. доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцинацияланғысы келетін адамдарға вакцинацияның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», — деді деді министр.
Халықты КВИ-ге қарсы профилактикалық егулермен қамтуды ұлғайту мақсатында «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № 3 қаулысына бірқатар өзгерістер енгізілді.
Осылайша, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және оларды вакцинациялаудың басымдылығын халықтың түрлі топтарының эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, КВИ ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға және КВИ-ге қарсы вакциналар көлемінің жеткізілуіне байланысты жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері қайта қарауы мүмкін.
Ұжымдарда, адам көп жиналатын жерлерде вакцинация жүргізу үшін жылжымалы егу пункттері немесе көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады.
«Вакцинация вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы. Қарсы көрсеткіштер болмаса қазақстандықтарды екпе салдырғаны дұрыс»,-дедіДенсаулық сақтау министрі.
Ол вирустың таралуын тоқтату үшін қарапайым алдын алу шараларды сақтау өте маңызды екенін еске салды. Мысалы: қол гигиенасы, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, маска кию, бөлмелерді жиі желдету, адам көп жиналатын жерлерге бармау, гаджет, кеңсе жабдықтарын дезинфекциялау, қол алыспау.