Түркістан облысында вакцинация мәселесіне қатысты маңызды дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 23 маусымда Түркістан облысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен, діни наным-сенімдердің вакцинация мәселесіне әсерін зерделеу шеңберінде дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық етті.

Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, басқарма басшысының орынбасары Мадина Мамбетова, ДДҰ кеңесшісі доктор Sahil Warsi, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының сарапшысы Siff Nielson және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының эпидемиолог маманы Ж. Худайбергенова қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қоғамдағы діни сенімдердің халықтың вакцинацияға көзқарасына тигізетін ықпалы, осы салада кездесетін негізгі кедергілер мен сын-қатерлер жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, мамандар мен сарапшылар вакцинацияға қатысты шешім қабылдау үдерісінде халықтың сенімін арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, тиімді тәсілдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Бұл шараның негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау жолында иммунопрофилактика саласындағы өзекті мәселелерді ортақ талқылап, шешу жолдарын анықтау, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жергілікті деңгейде тиімді шешімдер қабылдауға ықпал ету.